A- A A+
«Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ «Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ
Ақ қайың, балғын терек, қыз қарағай, өтпейді көркіне адам бір қарамай...

АРҚА АЖАРЫ

14.06.2014

Ақ қайың, балғын терек, қыз қарағай,
өтпейдi көркiне адам бiр қарамай…

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда ертеректе, Көкшенiң көрiктi өңiрiнде тұмса табиғаттың тұнығы шайқалмай тұрған шақта, қойнат-қолауда бұлқынып аққан бұлақтар, қайың шоқтарының етегiн ала, суы жыл он екi ай бойы мөлт-мөлт етiп жататын кiшкене күмiс көлдер, тоғандар мол болса керек-тi.

Байқал БАЙӘДIЛОВ, «Арқа ажары»

Изен мен жоңышқа, жазық алқаптардағы бiтiк өскен ақселеу, қайың шоқтардың бауырындағы бойшаң адамның кеудесiнен келер масатыдай құлпырған жасыл шалғын ен даланың көркi, төрт түлiк малдың қанша жерден тұяқ кестi болса да, таусылып бiтпейтiн, сарқылып түгесiлмейтiн ырыздығы. Жалғыз жасыл шалғын ғана емес, ит тұмсығы өтпейтiн қара орман. Iлкi заманда ел iшiнде орманды бей-берекет отауға жол берiлмейдi екен. Қанша жерден қайың мен қарағайдың iшiнде отырсақ та, күнi кешеге дейiн ел-жұрт саманнан соққан баспананы паналап келдi ғой. Ағаштың жоқтығынан емес, табиғаттың тамаша сыйын аяғандықтан, ысыраптан қорыққандықтан. Орманның өзi ғана емес, iшi де тұнып тұрған байлық. Қара қарғаның миы қайнайтын қырық күн шiлдеде, жемiс-жидек пiскен шақта қайың шоқтарының бауырында үлкендiгi бас бармақтай болып уылжып пiскен бүлдiргенi ат тұяғын қып-қызыл қылып бояп тастайды екен. Ұйыса өскен баданадай-баданадай жабайы шие сүмбiдей түзу аққайыңдарға араласа, жармаса өскен дәмi тiл үйiретiн қой бүлдiрген қандай едi десеңiзшi. Жаз бойы жарқырап жататын айдын томарларда жұмыртқа салып, ұя басқан, шүпiрлетiп балапан өргiзген қаз-үйрек жыртылып айырылатын.

Арқадағы қойнауы құт, жерi берекелi, бiздiң өлке сан жылдар бойы арқау жiбi үзiлмей келе жатқан халқымыздың небiр асыл қасиеттерiн бойына сiңiрген, сiңiрiп қана қоймай, уақыт тезiнде қажеттiлiгi белгiлi болған, керегiн өз бойына сiңiрiп, одан әрi дамытып жатқан қордалы, қасиет дарыған орта болатын. Тұмса табиғаттың тұнығы, қайталанбас сұлулығы, көз қарықтыратын ғажайып бейнесi, айқын, бiрақ, беймәлiм болмысы сол табиғаттың төсiн жайлап, үндесе өмiр кешкен адамдардың бойынан қылаң берер едi. Бүгiнде қалың орман селдiреп, селкеу түскен шақ. Әйтсе де үмiт жiңiшкергенмен, үзiлген жоқ.

Олай деп айтуымызға таяуда Зерендi ауданына қарасты Кiшi Түктi орман шаруашылығында болғанымызда көзiмiз жеттi. Орман шаруашылығының 19975 гектар жерi бар. Оның 16080 гектары ағаш. Ағаш болғанда да жасыл желегi жайқалып, самал желмен тербелiп, мың бұралған ақ балтыр қайың. Өзге өскiннен ұшар басын оздырғысы келгендей аспанға емiнген, күнге бой салып бойлап өскен сыптығыр, зәулiм терек. Қысы-жазы өңiн бiр өзгертпейтiн қарағай. Қарағай демекшi, оның да әлденеше түрi, тұқымы бар.

Көшеттiң сан түрi питомникте өсiрiледi

Өзге орман шаруа-шылықтарынан бiр айырмасы Кiшi Түктi орман шаруашылығында питомник бар. Облыстағы өзi тектес шаруашылықтардың iшiнде мұндай питомник ешқайда жоқ. Питомникте дәл қазiр жұмыс қайнап жатыр. Күре жолдың оң жағындағы бiр гектар алқап қара масаты көрпе тәрiздi күпсiп жатыр. Есебi, парға қалдырылған. Парға қалдырылған жер агротехникалық барлық шараларды уақытылы, мүлтiксiз атқарудың арқасында тыңайтылады. Парға қанаттас екiншi бiр осы көлемдес алқапқа ақ қайыңның көшеттерi отырғызылған. Бiр гектар алқапқа отырғызылған қайың тұқымынан 450 мың қайың көшетi өсiп шығады екен. Екi жыл күтiп, бапталғаннан кейiн сатуға жарайды. Одан шылбыр тастам жерде сарымамыр көшетi отырғызылып жатыр. Ал, сол жақ қанатта жай қарағай. 2012 жылы топыраққа сiңiрiлген қайың тұқымының бiр гектарынан орта есеппен 950 мың ағаш өсiп шығады. Қазiр төңiректегi бiрнеше ауылдардан келген елуден астам адам питомникте еңбек етiп жатыр. Олар көшеттердiң арасындағы арамшөптердi жұлады. Күн көзiне күйiп зақымданбау үшiн арнайы тақтай тiлiндiлерiнен жасалған қаусырмамен көлеңкелейдi.

-Ел еңбектен қол үзiп кеттi,-дейдi Кiшi Түктi орман шаруашылығының директоры Сүйiндiк Исабеков,-шаруашылықтан маусымдық жұмыстарға адам табыла бермейдi. Ел iшiнде жұмыс жоқ деген жай сөз. Әйтпесе, көктемгi, жазғы маусымдық жұмыс кезiнде адам қолы жетiсе бермейдi. Орманшылардың өз мiндетi бар. Ал, питомниктегi қосымша шаруада жұмыс iстеген адамдар 50-60 мың теңге, еңбегiне қарай одан да жоғары табыс табады. Ауылдық жерде ол да тәп-тәуiр жалақы емес пе. Кешегi кеңес заманында орман шаруашылығындағы тұрғын үйлер шаруашылықтың балансында болатын. Мұның өзi адамдарды еңбекке жұмылдырудың бiр тетiгi едi.

Егер әлдебiреу жалқаулық басып немесе араққа салынып кетсе, тұрып жатқан үйiнiң мемлекет есебiнде екендiгiн айтып, сабаға түсiретiнбiз. Орман шаруашылығында мал ұстауға да мол мүмкiндiк бар. Мiне, қараңызшы, орман алқаптарының бауыры тұнып тұрған изен, жоңышқа. Нағыз төл жейтiн шөп. Егер уақытында шауып алса, жемнiң де қажетi жоқ. Бiрақ, соны тиiмдi пайдаланып жатқан адам да көп емес. Қазiр бiреуге қарап алақан жаятын, бiреуге бiреу мiндетсiрейтiн заман емес қой.

Орман шаруашылығының директоры Сүйiндiк Исабеков шаруашылығының жайын жiпке тiзгендей етiп баяндап келедi. Әнебiр жылдары Бұландының қалың орманы қара өртке шалынып, ысырап болған. Тiлсiз жаудан бұлар аман қалыпты. Аман қалғандары өз iсiне барынша ыждаһатты болғандарының арқасы. Ал, ағаш ұрлау соңғы 4-5 жылда сап тыйылған.

-Оның да өз себебi бар,-дейдi шаруашылық басшысы Сүйiндiк Исабеков, — елдегi отындық ағаш сұрағандарға уақытында босатамыз. Ал, зейнеткерлер шаруашылық кассасына ақшасын төлегеннен кейiн кесiп, үйлерiне әкеп беремiз. Олар тiптi, орманға да бармайды. Осындай ыждаһатты iс өз жемiсiн бередi. Өзiңiз ойлап қараңызшы, үйiнде жағатын бiр құшақ отыны болмаса, тұрғындар амалсыздан ұрлайды емес пе.

Әр кесiлген елу гектардың орнына 80-85 гектар көшет отырғызылады екен. Кесiлген ағаштың орнын толтыру үшiн. Үстемелеп, артығымен. Көшеттердiң жерсiнбей немесе басқа бiр ауруға шалдығып, өспей қалатындары да болуы мүмкiн. Сол үшiн мөлшерлi межеден артығырақ егiледi.

Еңбегiне зейнетi сай келмейдi

- Ендiгi бiр мәселе адамдардың туған табиғаттың тамаша келбетiне қылаудай кiршiк түсiрмей, аялай бiлуi,-дейдi аға орманшы Боранбай Құрманов,-жаз айларында демалуға адам көп келедi. Қара үңгiр көлiнiң жағасына тәулiгiне екi жарым, үш мыңға жуық демалушылардың келетiн кезi бар. Олар ас-суын дайындайды, кәуәп пiсiредi. Сөйтiп, өрт шығу қаупiн күшейтедi. Мiне, осы кезде бiр аттан түспеймiз. Қарапайым пенде ретiнде айтайын, орманшының еңбегi зор. Сырт көзбен қарағанда жеңiл көрiнгенiмен, жауапкершiлiгi аптал азаматқа анық жүк болатын шаруа. Ал, осы орманшының айлығы небары 30 мың теңге. Қолымыздағы қосалқы шаруашылығымыздың арқасында ғана күн көрiп отырмыз. Ала жаздай ел қатарлы ағайынның алмасып келетiн қуанышы мен қайғысына да төбе көрсете алмаймыз. Ұдайы жұмыстан сұранып кете алмайсың ғой.

Менiң тағы бiр түсiнбейтiнiм, барлық мамандық иелерiнiң атау-лы күнi бар. Сол күнi олардың iшiндегi ерен еңбек сiңiргендерi мақтау мен марапатқа ие болып, көңiл тоғайтып жатады. Ал, орманшылар күнi деген төл мереке жоқ қой. Қат-қабат шаруа бiр-бiрiмен астасып, бiр-бiрiне iлесiп келiп жатады. Қара барқыт топырақты қақ жарып шыққан титiмдей көшет жер бетiне өзiмен бiрге қыруар жұмысты ала шығады. Оның күтiп, баптау, уақытында суару, желдiң өтiнен, күннiң ыстығынан қорғау таусылып бiтпейтiн iс. Жыл сайын мыңдаған түп ағаш көшеттерi отырғызылады. Өткен жылы Шортанды қаласынан Щучье қаласына дейiнгi тас жолдың бойына ағаш көшеттерi отырғызылды. Орман шаруашылығы елдiк мәнi бар осы елеулi iске бiлек сыбана кiрiсiп, өз үлестерiн қосты. Табыссыз да емес. Қайың, қарағаш көшеттерiн сату, отырғызу жұмыстарын жүзеге асыруларының арқасында отыз миллион теңге қаражат тапты. Сол қаражаттың арқасында шаруашылыққа үш трактор, екi УАЗ, екi Нива алынды. Одан басқа да жер қопсытқыш, соқа тәрiздi керек-жарақтар түгенделдi.

Жалға алған қожайын қожа

Бюджет есебiнен қаржыландырылатын шаруашылықтың өзге табысы жоқ. Төңiрегi сыңсыған қалың ағаш болса да, айырға сап қылатын балапан қайыңның құны қасқалдақтың қанындай қымбат. Әйтсе де орманның бар игiлiгiн, иен тегiн байлығын, өздерi өсiрiп, өздерi қорғайтын орман шаруашылығы өз қажетiне жарата алмай отыр. Iшiнара iрiктеп кесу, iске жарайтын, жасы жеткен көлемдiсiн, толымдысын босату орманды жалға алған қожайынның қолында. Ал, жыл он екi ай бойы тiлсiз

жау — өрттен күзету, иен байлыққа көзi қызыққан сұғанақ қолдан қорғау орманшының мiндетi. Осы бiр мәселе қарапайым қисынға келмейдi. Орманшы 30 мың теңге жалақы алып, өз мiндетiн мүлтiксiз атқарып, ел байлығы орманды дiлсiз, тiлсiз жаудан қорғайды екен. Ал, өсiп жетiлген ағашты кесiп, сату жалға алған қожайынның құқығында. Қарапайым тiлмен айтқанда, сүттiң бетiндегi қаймағы жалға алушынiкi, ал, Арқаның аязына тоңып, аптабына күйiп, масасына таланып, азабына шыдап, орманды күзету орманшынiкi.

Қанша жұтсаң да құмарың бiр қанбайтын, темекiге ысталған көкiректi уыз дәмiмен кернеп, мас қылатын саф ауаны жұтып, орман аралап жүргенде омарташыға жолықтық. Жолдың оң жағында да, сол жағында да сыңсып өскен сан алуан гүлдiң үстiнде тырбанып тiршiлiк қылған ара шiркiн, сыңсып жүр. Щучинск қаласының тұрғыны Андрей Красильников деген азамат екен. Карпатка тұқымды ара бағады. Кәсiбiн бастағалы төрт жыл. Әкесi де ара баққан, атасы да бағыпты. Атадан балаға мұра болып қалған бағлан кәсiп. Бал арасы туралы газетiмiзде егжей-тегжейлi жазған болатынбыз. Олардың тұтас бiр мемлекет тәрiздi ұйымшыл еңбегi, әрқайсына бөлiнген мiндетi, бiреуiнiң барлаушы, бiреуiнiң жұмысшы, бiреуiнiң күзетшi болатындығы туралы. Еткен еңбек пен шыққан шығынның қайтарымы, яғни, табысын да тиынына дейiн санағанбыз. Бұл жолы өткен тақырыпты қайра қозғаудың қажетi шамалы. Тек орман-ананың бауырындағы байлығын қандастарымыздың көре алмай отырғандығын тағы бiр айта кеткiмiз келедi. Қолбайлау болып отырған ешкiм жоқ. Орман шарушашылығының рұқсатын алып, шамалы тиын-тебенiн төлесе бiттi. Тек жалқаулықтан арыла алмай жатырмыз.

Орман шаруашылығының ағаш тiлетiн цехы қауырт жұмыс iстеп жатыр. Көкшетау қаласындағы жаңадан салынып жатқан «Достық» үйiнiң жанына отырғызылатын көшеттер дайындалуда. Қолда бар техника бiр сапқа түзiлген. Шеберханада көп жерде кездесе бермейтiн ұстахана, токарь станогы бар екен. Шаруашылық басшысы Сүйiндiк Исабековтың айтуына қарағанда, мұндай-материалдық-техникалық база барлық орман шаруашы-лығында болған. Тек өтпелi кезеңнiң өкпек желiне ұшып кетсе керек. Ал, мұнда аман қалған. Қоғам мүлкiне адал қараудың, жаны ашудың арқасында.

Түтiнi түзу ұшқан шаруа-шылықтан разылық сезiм мен көтерiңкi көңiл-күйде аттандық. Қозыкөш жер ұзап шыққан соң фототiлшi Төлеген Қосшығұлов қалың орманның кейпiн суретке тартып алмақ болды. Жасыл желекке малынған қалың орманнан шылбыр тастам жерде жалғыз қарағай өсiп тұр. Қыз қарағай. Қолындағы жап-жасыл орамалын бұлғап, шақыратын тәрiздi. Туған жердiң төсiндегi тамаша табиғатқа келiңдер, көрiңдер, көлденең кесапаттан сақтаңдар дейтiндей ме, қалай?!.

Зерендi ауданы.

Мақаланың шыққан күні: 31.01.2017 12:13
Парақтағы соңғы өзгерістер: 31.01.2017 12:13
Қаралым саны: 796

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 «Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

020000 Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Абая көшесi, 89

8 (7162) 25-19-86, факс 25-21-30

natur@akmo.kz